Акцияны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оның мақсаты – жалғыз тұратын қарттарға тұрақты көмек көрсету. Волонтерлер қариялардың үйіне барып, үй шаруасына көмектеседі, аулалары мен подъездерін тазалайды, кейде әңгімелесіп, көңіл сұрасады.
Акция аясында «Астана жастары» волонтерлері жалғыз тұратын зейнеткер Раида Мифтахованың үйіне барды. Оған тұрақты түрде көмек көрсетіледі: волонтерлер ауласын қардан тазалап, үйінің шаруасына көмектеседі. Шай үстінде әжей өткен өмірін, тәжірибесін әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Волонтерлердің көңілі мен қамқорлығы қолдаудың маңызды бөлігі болып саналады.

«Қамқорлық мекенжайы» жобасы іске қосылған уақыттан бері көптеген мұқтаж азамат қамтылды. «Астана жастары» волонтерлерінің еңбегімен 70 жеке аулада жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмек көрсетілді. Сондай-ақ кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдармен бірлесе отырып, 40 қар тазалау акциясы өткізілді. Жаппай шараларды ұйымдастыруға 3 000-нан астам волонтер мен әртүрлі ұйымның қызметкерлері тартылды.
«Қамқорлық мекенжайы» жобасы адамдарға – ардагерлерге, қарттарға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға тікелей көмек көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, акция «Таза Қазақстан» бастамасымен үйлесімді жүзеге асады: ол әлеуметтік қолдауға, аумақты экологиялық және санитарлық тұрғыдан жақсартуға, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған. Осылайша, өмір сапасы дәл қарттар мен әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар тұратын аудандарда жақсарады.